АЛМАТЫ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮЙЛЕРІНІҢ ТӨМЕНГІ ҚАБАТЫНДА ОРНАЛАСҚАН МОНШАДАН ЗӘРЕЗАП БОЛҒАН

АЛМАТЫ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮЙЛЕРІНІҢ ТӨМЕНГІ ҚАБАТЫНДА ОРНАЛАСҚАН МОНШАДАН ЗӘРЕЗАП БОЛҒАН

Февраль 6, 2019 0 Автор Автор

Моншаның әлегі. Алматыда жаңадан салынған тұрғын үй кешенінің астыңғы қабатын алып жатқан моншадан тұрғындар зәрезап болғандарын айтады. Жуынатын орын көгілдір отынмен жылытылатындықтан, жұрт жандарын шүберекке түйіп отырғандарын айтады. Себебі, дәл астыларында орналасқан үш бірдей қазандық бір күн болмаса бір күні жарылатын болса үйдің күлін көкке ұшыра ма деп қорқады. Құзырлы органдарға шағымданып жүріп бірін жаптырғанымен, екіншісі қайта ашылғалы жатыр екен. Сонда бұл бизнестің артында қандай дөкей тұр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Мына элиталы тұрғын үй кешенің астыңғы қабатында орналасқан моншаның жалпы аумағы мың жарым шаршы метр. 2016 жылы ашылыпты. Сол уақыттан бері тұрғындар көршілеріне наразы. Қоғамдық орыннан аққан қалдық су көліктерін зақымдаса, табиғи газбен жабдықталуы оларлың үрейін туғызуда. Өйткені, 2017 жылы газдың ауаға көптеп таралуынан монша жабылыпты. Алайда араға екі жыл салып, жұмысы қайта жанданған.

СВЕТЛАНА ФИЛАТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Тұрғын үй кешені түгелімен электр қуатымен жабдықталған. Ал моншаға көгілдір отын тартылған. Газды бөлу, тарату кешені талап бойынша тұрғын үйден 20 метр қашықтықта орналасып, қазандығы жеке тұруы тиіс. Ал оның үш бірдей қазандығы дәл тұрғын үйдің астында орналасқан».

Монша тұрғындардың келесімінсіз салыныпты. Өрт сөндіру, хабар беру жүйесі, жеке кәріз құбыры болмаған. Мүңкіген иіс пен кәріз құбырынан шыққан су көліктерге зақым келтіріп, тұрғындардың мазасын қашырған. Тұрғын үйдің төменгі қабатында моншаның орналасуы санитарлық талаптарға сай келмейтінін айтады.

МАРИЯМ ТӘЖІБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Тұрғын үйдің бірінші, екінші қабаттарында монша, сауна, бассейн және қабылдау орындарын орналастыруға болмайды. Тұрғындардың мүддесі ескерілмеген. Газбен жұмыс істейді. Нысан газ блоктан салынған. Ол моншадан шыққан бу мен суды бойына сіңіріп алуы мүмкін. Үйіміз құлап қала ма деп қорқамыз».

Араға бірнеше жыл салып моншаны тағы бір кәсіпкер жалға алыпты. Ол тұрғындардың наразы екенін кеш білдім деп ант су ішіп, кемшіліктерді бірден жоятынын жеткізді. Оның айтуынша, қомақты қаржы салып, рұқсат ететін құжаттарын алғаннан кейін ғана жұрттың қарсы екенін біліпті.

НҰРСҰЛТАН БАТЫНОВ, МОНШАНЫ ЖАЛҒА АЛУШЫ:
«Нысанды жалға алушы ретінде барлық мәселені ретке келтіруге әзірмін. Яғни, жеке кәріз құбырын тартып, толық электр қуатына көшіріп, техникалық талаптарға сай келмейтін тұстарын реттеуге әзірмін»

Осы заңсыздыққа қатысты өкілетті орган Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша қомақты айыппұл салыпты. Құрылысты бақылау мекемесінің өкілдері «құзырымызға тек айыппұл салуға ғана кіреді, моншаның жұмысын тоқтату соттың құзырында» дейді.

МАРАТ НИЯЗБЕКОВ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
«Заңсыз салынған ішкі өзгерістер жасатқаны үшін. Сол себепті сараптамасы болмаған, рұқсаты болмаған, сол себепті айыппұл салынған. 1,5 млн теңгеден аса. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ол жаңағы мекеме».

Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері заңсыз моншаның жұмысын түбейгейлі тоқтату үшін сотқа шағым түсіруге кеңес беруде. Моншадан әбден мезі болған жүрт қайтадан ашылуына жол беремейміз дейді.